II Халықаралық симпозиум «Ұлы дала философиясы және құқықтық мәдениет»
2026 жылдың 5-6 қарашасында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты, Түркістан облысының әкімдігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп II Халықаралық «Ұлы дала философиясы және құқықтық мәдениет» симпозиумын өткізеді. Симпозиум Ұлы даланы тек географиялық кеңістік ретінде емес, көшпелі және түркітілдес халықтардың құқықтық ойлау жүйесін қалыптастырған тұтас өркениеттік жүйе ретінде зерделеуге арналған интеллектуалдық алаң болып табылады.
Қазіргі кезеңде құқықтық мемлекетті дамыту институционалдық реформалармен ғана шектелмей, оның құндылықтық, мәдени және философиялық бастауларын жаңаша пайымдауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Ұлы дала өркениетінің құқықтық мұрасы, билер институты, әдет-ғұрып құқығы, қоғамдық келісім мен әділеттілікке негізделген дәстүрлері қазіргі құқықтық жүйені жетілдірудің маңызды интеллектуалдық ресурсы ретінде қарастырылады.
Симпозиумның мақсаты: Симпозиумның мақсаты – Ұлы даланың құқықтық-философиялық мұрасын, әдет-ғұрып құқығы мен құқықтық мәдениетін заманауи құқықтану ғылымы тұрғысынан кешенді зерделеу, көшпелі өркениеттің құқықтық құндылықтарын қазіргі құқық философиясы, конституционализм және құқықтық мемлекет идеяларымен сабақтастыра талдау, сондай-ақ түркі халықтарының құқықтық дәстүрлерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу, тарихи-құқықтық мұраны білім беру мен құқық қолдану тәжірибесіне кіріктіру және Ұлы даланы дербес құқықтық өркениет ретінде танытуға бағытталған халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Симпозиум аясында Ұлы дала философиясының құқықтық және өркениеттік негіздері, көшпелі қоғамның әдет-ғұрып құқығы мен билер институтының тарихи тәжірибесі, Қожа Ахмет Ясауи мұрасындағы құқықтық-этикалық құндылықтар, түркі халықтарының құқықтық мәдениеті, қазіргі конституционализм мен құқық үстемдігі идеяларының ұлттық бастаулары, құқықтық білім беру мен құқық қолдану тәжірибесіндегі тарихи-құқықтық мұраны пайдалану мәселелері, сондай-ақ жаһандану, цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы құқықтық мәдениеттің даму перспективалары талқыланады.
Симпозиум жұмысының бағыттары:
1 секция - «Түркі әлеміндегі әділет дәстүрі және құқық мұрасы»
2 секция - «Далалық құқық философиясы»
3 секция - «Ұлы Дала мұрасынан жаңа мемлекетшілдік қағидаттарына дейін»
Симпозиум аралас форматта өтеді: Қ.А. Ясауи Университеті базасында офлайн түрде, Zoom платформасында онлайн түрде.
Симпозиумның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, түрік, ағылшын
Симпозиумға қатысушылардан баяндама тақырыптарын 2026 жылдың 05 қазанына дейін ұсынуды сұраймыз.
Симпозиум үшін өтінімдер мен ғылыми мақалаларды электрондық түрде kamila.utegaliyeva@ayu.edu.kz мекенжайына жіберуді сұраймыз. Өтінім нысаны және баяндаманың рәсімделу талаптары 1-қосымшада көрсетілген.
Қабылданған мақалалар конференция материалдарының жинағында электронды форматтарда жарияланады.
Жауапты тұлға: Утегалиева Камола
Байланыс телефоны: +7 705 856 1390
Эл.почта: kamila.utegaliyeva@ayu.edu.kz
Өтетін орны: Түркістан қ., Б.Саттарханов көшесі 29, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Мәдениет орталығы.
Құрметпен,
Ұйымдастыру комитеті
Серіктестер
 
